AA

Көкшетау қаласы Мемлекеттік архиві

Азаматтық қызметшілердің қызмет әдебі кодексі

Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтiк қорғау министрiнiң
2020 жылғы 28 тамыздағы
№ 342 бұйрығы.

Азаматтық қызметшiлердiң қызмет әдебi кодексi

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Азаматтық қызметшiлердiң қызмет әдебi кодексi 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiнiң 16-бабының 41-4) тармақшасына сәйкес әзiрленген.

2. Кодекс Қазақстан Республикасының азаматтық қызметшiлерi басшылыққа алатын қызмет әдебiнiң жалпы қағидаттары мен нормаларының жиынтығынан тұрады.

3. Азаматтық қызметшiлердiң Кодекс ережелерiн бiлуi және сақтауы олардың кәсiптiк қызметi мен еңбек тәртiбiн бағалау критерийлерiнiң бiрi болып табылады.

4. Осы Кодекстегi әдеп нормалары мен талаптары барлық азаматтық қызметшiлер үшiн мiндеттi болып табылады, олар қатаң сақталуға тиiс.

5. Азаматтық қызметшi азаматтық қызметке кiрген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде осы Кодекстiң мәтiнiмен жазбаша нысанда танысуға тиiс.

6. Танысу парағы ұйымның кадр қызметi жүргiзетiн азаматтық қызметшiнiң жеке iс парағында сақталады.

2-тарау. Азаматтық қызметшi қызметiнiң әдеп қағидаттары

7. Азаматтық қызметшi өз мiндеттерiн орындау кезiнде мынадай қағидаттарды сақтауы қажет:

1) әдiлдiк:

2) адалдық және объективтiлiк;

3) ұқыптылық;

4) кәсiптiк құзыреттiлiк;

5) мiнсiз мiнез-құлық;

6) ниеттiлiк;

7) ақпараттың құпиялылығы.

3-тарау. Азаматтық қызметшiлерге қойылатын әдеп талаптары

8. Азаматтық қызметшi өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiнiң, Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын, сондай-ақ осы Кодекстiң ережелерiн қатаң сақтайды.

9. Азаматтық қызметшi:

1) қызметтiк мiндеттерiн адал атқаруы, еңбек тәртiбiн мүлтiксiз сақтауы, жұмыс уақытын ұтымды және тиiмдi пайдалануы;

2) жоғары моральдық-әдеп критерийлерiне сай болуы, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауы;

3) қызметтiк мiндеттердi тиiмдi пайдалану үшiн өзiнiң кәсiптiк деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруы;

4) өз iс-әрекеттерi мен мiнез-құлқы арқылы қоғам тарапынан сынның туындауына жол бермеуi, сын үшiн жауапқа тартуға жол бермеуi, кемшiлiктердi жою және өз қызметiн жақсарту үшiн конструктивтi сынды пайдалануы;

5) адал, әдiл, қарапайым болуы, жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын сақтауы, азаматтармен және әрiптестермен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептiлiк танытуы;

6) қызметтiк мiндеттерiн орындаған кезде заңдылықты қамтамасыз етуi;

7) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын шешiмдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуi;

8) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуi, ұйымның сенiп тапсырылған мүлкiн, оның iшiнде автокөлiк құралдарын ұтымды, тиiмдi және тек қызметтiк мақсаттарда пайдалануы;

9) iскерлiк әдеп пен қызметтiк тәртiп қағидаларын сақтауы;

10) сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруы;

11) басқа азаматтық қызметшiлер тарапынан қызметтiк әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуi не оларды болдырмау жөнiнде өзге шаралар қабылдауы қажет.

10. Азаматтық қызметшi:

1) азаматтық қызметшi мен ұйымның беделiне немесе абыройына нұқсан келтiруi мүмкiн жанжал жағдайларға;

2) қызметтiк жағдайды мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттiк қызметшiлердiң және азаматтардың жеке мәселелерiн шешуге әсер ету үшiн пайдалануға;

3) заңмен тәртiптiк, әкiмшiлiк не қылмыстық жауапкершiлiк көзделген қылықтар мен құқық бұзушылықтар жасауға;

4) қызмет жағдайын жеке сипаттағы мәселелердi шешу үшiн пайдалануға, қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты жеке және заңды тұлғалардан сыйлықтар қабылдау мен қызмет көрсету фактiлерiне;

5) қызметтiк ақпаратты жеке және басқа жеке мақсаттарда пайдалануға;

6) шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратуға, оның iшiнде басқа азаматтық қызметшiлердiң кәсiби қасиеттерiн талқылауға және пiкiр бiлдiруге, басқа азаматтық қызметшiнiң беделiн түсiретiн сөздер мен мәлiмдемелерге, сондай-ақ оған қарсы айтылған сындарға жол бермеуге тиiс.

11. Азаматтық қызметшi қызметтен тыс уақытта:

1) жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстануы, қоғамға қарсы мiнез-құлық жағдайларын болдырмауы;

2) қарапайымдылық танытуы, қызметтiк жағдайын баса айтпауы және пайдаланбауы;

3) өз тарапынан қоғамдық адамгершiлiкке, тәртiп пен қауiпсiздiкке қол сұғумен байланысты заң талаптарының бұзылуына жол бермеуi және басқа азаматтарды заңсыз, қоғамға қарсы әрекеттердi жасауға тартпауы қажет.

12. Азаматтық қызметшiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiндегi сырт келбетi iскерлiкпен, ұстамдылықпен, нақтылықпен ерекшеленетiн жалпыға бiрдей қабылданған iскерлiк стильге сәйкес келуге тиiс.

4-тарау. Әдеп жанжалдары және оларды шешу

13. Жанжалды жағдай туындаған кезде, азаматтық қызметшi тиiстi шаралар қабылдау үшiн жанжал туралы тiкелей басшысына хабарлап, проблеманы талқылауы керек.

14. Азаматтық қызметшiлердiң қызмет әдебiн бұзуы заңнамамен белгiленген тәртiптiк жауапкершiлiкке алып келедi.

Азаматтық қызметшiлердiң осы Кодекстiң ережелерiн сақтауы аттестаттау, жоғары тұрған лауазымдарға iлгерiлету кезiнде ескерiледi.

Мақалың шыққан күні: 16.09.2020 16:00
Парақтағы соңғы өзгерістер: 16.09.2020 16:00
Қаралым саны: 2316
© 2024. Көкшетау қаласы Мемлекеттік архиві
';